Главная » Статьи » Тұлға - сұхбат

Баян Есентаева: «Айдана тұрмысқа шыққалы жатыр»

19-қараша күні Қазан қаласында «Түрквижн 2014″ Халықаралық ән байқауының жартылай финалы өтеді. Байқауға Қазақстанның атынан әнші Жанар Дұғалова қатысады. Жанар қазір музыкалық продюсері Бағым Мухитденовамен бірге Қазан қаласында дайындықта. Ал, әншінің продюсері Баян Есентаева бұл уақытта «Хабар» арнасынан көрсетілетін «Жұлдызды доданың» түсірілімінде жүр. Түсірілім аяқтала салысымен Алматы Халықаралық әуежайынан Қазан қаласына ұшады. Осындай қарбалас сәтке қарамастан Баян ханым көпшіліктің көкейінде жүрген бірнеше сұраққа жауап беруден бас тартпады.

maxresdefault

 Баян Есентаева — продюсер

-Менің білуімше сіз байқауларды, әсіресе Халықаралық байқауларды жақтыра бермейсіз,туиттерде де бірнеше рет жаздыңыз, талай рет барғыңыз келмейтіндігін айттыңыз да. Бұл жолы додаға түсуге не түрткі болды?

-Біріншіден бұл орындаушылар емес ән байқауы. Оның үстіне Жанар бұған дейін 25 Халықаралық байқауға қатысқан. Менімен жұмыс істеген жылдары мүлдем барғысы келмейтінін, байқаулардан көңілі қалғандығын айтып бас тартып жүрді. Бірақ бұл жолы додаға ән түсетін болғандықтан бағымызды сынап көруге бел байладық.

-Сіз бірақ жақсы білесіз ғой, Халықаралық ән байқауларында бізге жүлделі орын жиі бұйырмайды…

-Иә,білемін. Өкінішке орай солай . Біздің басты мақсат жақсы өнер көрсету. Ары қарайғыны уақыт көрсетеді, бағаны халық өзі бере жатар. Егер де Жанар ойдағыдай өнер көрсетсе біз алғашқы үштікке кіруіміз керек. Менің есебім солай.

-Биылғы байқауға Жанар еліміздің өзге де өнерпаздарымен бақ сынады. Жұрт Баян Жанарға жолдаманы сатып әперді деп жүр. Сіз осы әңгімеге қатысты не айтасыз?

-Мен ол жолдаманы егер сатып алатын болсам өткен жылы Жанар «КешЮ»дің құрамында өнер көрсетіп жүрген кезде-ақ сатып алатын едім. Маған оның керегі қанша, пайдасы не? Қазылар алқасында отырған өз әріптестерімді, өз достарымды сатып алғаным күлкілі болмай ма?! Мен ешқашан орын сатып алмағанмын. Сатып алғым келмейді де. Маған ол керек те емес. Айтқандар айта берсін. Мен оған ренжімеймін.

-Ал, Қазан қаласында өтетін дүбірлі додада ше, ол жақта орындар сатылады ма екен?

-Мен ол жақтан ешкімді танымаймын. Қазылар алқасын да, қатысушыларды да. Қатысушылар туралы ғаламтордан ақпарат іздеп едім дым таппадым. Қазіргі таңда бір ғана нәрсеге сенімдімін — ән мен әншіге. Ары қарайғысын Алла біледі. Егер мен жүлделі орынды сатып алуға ниеттенсем 1 апта бұрын ұшып кетіп бәрін сол жақта қазір жайғастырып жүрер едім. Ал, мен бүгін жартылай финалға 1 күн қалғанда ғана ұшқалы отырмын.

-Жанар еліміздегі іріктеуде көрсеткен нөмірін сол жақта дәл сондай етіп қайталайды ма?

-Жоқ, біз Жанарға жаңа костюм тіккіздік, әнге жаңа аранжировка жасалды, сахнада домбырашы мен бишілер болады . Байқауға баратын номерді әбден дайындадық. Продюсер ретінде ұялмай көрсете алатын дүние деп айта аламын. Ел намысы да қаперде.

-Сіз өз жобаларыңызға қатысты сенімді сөйлейсіз, бұл жолы ше? Жанар байқауға қаншалықты дайын?

-Бұл сұрағыңызға болжап жауап бере салу қиын. Жанар робот емес, адам. Ол мықты профессионал. Сын сағатта Жанар өз өзін ұстауды біледі. Оған сенімдімін. Ал, мен өз қолымнан келгеннің бәрін жасадым. Ары қарайғысы оның өзіне байланысты, оның энергетикасы, оның сахнада қобалжымауы, ойындағыны жүзеге асыруы бәрі-бәрі Жанардың қолында. Бұл үлкен халықаралық байқау,сондықтан да бақ шаба ма, бап шаба ма көреміз.

-«КешЮ» дің құрамы тағы өзгереді. Топтан Айдана Меденова кетеді деген сыбыс бар?

-Тууу, бәрін білесіңдер. «Никогда не говори никогда». Мұндай жұмыста ешкім еш уақытта сенімді бола алмайды. Себебі герлз бенд деген сондай, құрамы үнемі өзгеріп отырады. Біреу күйеуге шығады, біреу жүкті болады, бірі жұлдыз ауруына шалдығады, екіншісі махаббаттан басы айналып қалады. Қыздар коллективін ұзақ ұстап тұру оңай емес, алайда «КешЮ» бүгін пайда болып ертең жоқ боп кететін топ емес екендігін қанша жылдан бері дәлелдеп келеді. Бірақ құрам өзгереді. Мен сіздерге мұны сенімді түрде мәлімдеймін! Айдана тұрмысқа шыққалы жатыр, сүйіктісі барын бәрі біледі. Тойдың қашан болатыны әзірге белгісіз, Айдананың «КешЮ»мен келісімшарты ақпан айында бітеді. Одан соң ары қарай көре жатармыз, тойдың күні де сол уақытқа белгілі болып қалар. Бірақ 99 пайыз сенімді түрде айта аламын «КешЮ» дің құрамын өзгертеміз.

-Түсінікті. Ал, Мөлдір Әуелбекова ше? Қазір онымен жұмыс істеп жатырсыздар ма?

-Жоқ, мен Мөлдірмен жұмыс істемеймін және еш уақытта жұмыс істемейтін боламын!

-Себебін айта аласыз ба?

-Себебі бар… Мен енді ол адаммен мүлдем жұмыс істегім келмейді!

-Сұхбатыңызға рахмет! Байқаудан жеңіспен оралуларыңызға тілектеспіз!

-Рахмет!

Сұхбаттасқан Асхат Садырбай

Категория: Тұлға - сұхбат | Добавил: Nurken771 (20.11.2014)
Просмотров: 855 | Теги: Баян Есентаева | Рейтинг: 3.0/1